Жаратылыстың баст. 1:1-31 KZB2010 - Bible AI

1Әуел баста Құдай [1] аспан мен жерді жаратты.

2Жер ретсіз, тіршіліксіз бос жатты; [2] суға толы тұңғиықтың үстін қара түнек жауып тұрды. Ал Құдайдың Рухы су бетінде қалықтап ұшып жүрді.

3Сонда Құдай: «Жарық пайда болсын!» — деп бұйырды. [3] Осылай жарық пайда болды.

4Құдай жарыққа қарап, оның жақсы екенін көрді. Ол жарықты қара түнектен бөліп,

5жарықты күн, ал қара түнекті түн деп атады. Кеш түсіп, таң атты; бұл бірінші күн [4] еді.

6Содан кейін Құдай: «(Айнала тұманданып тұрған) суды ортасынан бөліп тұратын әуе кеңістігі [5] пайда болсын!» — деп бұйырды.

7Осылай Ол әуе кеңістігін жасап, соның астындағы суды үстіндегі судан бөлді. Солай болды да.

8Құдай әуе кеңістігін аспан [6] деп атады. Кеш түсіп, таң атты; бұл екінші күн еді.

9Мұнан соң Құдай: «Аспан астындағы су бір жерге жиналып, құрлық көрініп тұратын болсын!» — деп бұйырды. Солай болды да.

10Құдай құрлықты жер, ал жиналған суды теңіздер деп атады. Ол жасағанына қарап, жақсы екенін көрді.

11Құдай енді: «Жер жасыл өсімдіктерді: тұқым шашатын өсімдіктерді және дәнегі бар алуан түрлі жеміс беретін ағаштарды өсіріп шығарсын!» — деп бұйырды. Солай болды да.

12Жер жасыл өсімдіктерді: түрлеріне қарай тұқым шашатын өсімдіктерді әрі дәнегі бар жеміс беретін ағаштарды өсіріп шығарды. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді.

13Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл үшінші күн еді.

14Сонан соң Құдай: «Аспан кеңістігінде шырақтар [7] орнасын! Олар күндіз бен түнді бір-бірінен ажыратып, арнайы мезгілдерді, күндер мен жылдарды белгілеп,

15жерге нұрын шашу үшін аспан кеңістігінде жарқырайтын болсын!» — деп бұйырды. Солай болды да.

16Құдай үлкенірегі күндізге, кішірегі түнге билік жүргізетін жарқыраған екі үлкен аспан шырағын [8] әрі жұлдыздарды жаратты.

17[17-18] Құдай оларды жерге жарық түсіріп, күндіз бен түнге билік жүргізіп, жарықты қараңғыдан ажырату үшін аспан әлеміне [9] орналастырды. Құдай мұның да жақсы екенін көрді.

19Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл төртінші күн еді.

20Сонан соң Құдай: «Теңіздер, көлдер және өзендер су жәндіктеріне толсын, әрі аспандағы әуе кеңістігінде [10] құстар ұшып жүрсін!» — деп бұйырды.

21Осылай Құдай суды мекендейтін алып жануарларды, суда қаптап жүрген басқа да жануарлар мен жәндіктердің барлық түрін, сонымен бірге қанаттыларды да түр-түрімен жаратты. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді.

22Оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер, теңіздерді толтырыңдар, құстар да жер бетінде көбейсін!» — деп бұйырды.

23Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл бесінші күн еді.

24Содан кейін Құдай: «Жер әр қилы тіршілік иелерін: малдар, бауырымен жорғалаушылар және аңдарды түр-түрімен шығарсын!» — деп бұйырды. Солай болды да.

25Құдай әр қилы аңдар мен малдарды және бауырымен жорғалаушыларды түр-түрімен жаратты. Ол жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді.

26Құдай енді: «Біз (рухани жағынан) Өзімізге ұқсас әрі бейнелес етіп адамды жаратайық. Адамдар теңіздегі балықтар мен аспандағы құстарға, малдар мен аңдарға, бүкіл жер бетіне және онда жорғалап жүрген барлық жануарларға билік жүргізсін», — деді.

27Осылайша Құдай адамды (рухани жағынан) Өзіне ұқсас әрі бейнелес етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты. [11]

28Құдай оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар! Оны өздеріңе бағындырып, теңіздегі балықтарға, аспандағы құстарға және жер бетіндегі барлық жануарларға билік жүргізіңдер!» — деді.

29Құдай оларға тағы тіл қатып: «Мен сендерге жер бетіндегі тұқым шашатын өсімдіктерді және дәнегі бар жеміс беретін ағаштарды түр-түрімен бердім, бұлар сендерге тамақ болсын.

30Жер бетіндегі барлық аңдарға, аспандағы күллі құстарға және бауырымен жорғалаушыларға — бойында тіршіліктің лебі бар жануарлардың бәріне Мен көк шөп атаулыны қорек етуге беремін», — деді. Солай болды да.

31Құдай Өзінің жаратқандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді. Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл алтыншы күн еді.