Забур жырлары 10:1-7 KZB2010 - Bible AI

1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) Ұдайы паналаймын Жаратқан Иені, Қалайша қорқытпақсыңдар былай деп мені: «Кәне, кетші ұшып тауыңа құс секілді!»

2Сол зұлымдар садақ иіп, жебе тартуда, Тасадан дайын тұр адалдарды атуға.

3Әділ жан не істейді, заңды негіз қираса?

4Ал Жаратқан отырады көктегі тағында, Өзінің киелі ғибадатханасында, Иеміз бақылайды барлығын да, Сын көзбен қарайды адам баласына.

5Жаратқан Ие әділдерді тексереді, Зұлым да зорлықшыл жандарды Ол жек көреді,

6Залымдарға жаудырады жанған көмірді Әрі жазалау үшін лаулаған күкіртті, Қоса жібереді күйдіріп өртейтін желді.

7Иеміз әділ, Ол әділдікті сүйеді, Шыншыл жандар Оның бет-жүзін көреді.

© Қазақша аудармасы және көркемделуі «Жаңа өмір» баспасы, Стамбул, 1993, 1996, 2000, 2010
>