Забур жырлары 100:1-8 KZB2010 - Bible AI

1(Дәуіттің жыры.) Рақым мен әділдік жайлы ән шырқаймын, Уа, Жаратқан, әніммен Сені мадақтаймын.

2Мінсіз жүру жайлы мұқият ойлаймын, «Қашан маған келесің?» деп сұраймын, Таза жүрекпен үйімді [1] аралаймын.

3Арам нәрселерге еш көз салмаймын, Опасыздардың [2] істерін мүлдем ұнатпаймын, Өзіме жабысуларына мүмкіндік бермеймін.

4Азғын жүректіні қасымнан қуамын, Зұлымдық атаулыдан аулақ боламын,

5Өзгені құпия жамандайтынды жоямын, Паң көзді, өркөкірекке төзе алмаймын.

6Елдегі адалдарға назар аударамын, Олар аман-есен қасымда тұра алсын, Таза жүргендер ғана маған қызмет қылсын.

7Ешбір алдамшы сарайымда тұрмайды, Жалған сөйлеуші көз алдымда қалмайды.

8Таң атқаннан зұлымның бәрін басамын, Жаратқанның қаласынан сұмдарды құртамын.

© Қазақша аудармасы және көркемделуі «Жаңа өмір» баспасы, Стамбул, 1993, 1996, 2000, 2010
v>