Забур жырлары 145:1-10 KZB2010 - Bible AI

1Жаратқан Иені мадақтаңдар әрдайым! Мен жан-тәніммен Иемді мадақтаймын,

2Тірі жүргенімде Жаратқанды даңқтаймын, Өмір бақи Құдайыма ән-жырымды арнаймын.

3Әміршілерге үміттеріңді артпаңдар, Өткінші пендені сүйеніш қылмаңдар, Пәледен құтқара алмайды олар:

4Демі бітіп, жерге қайта оралады, Сол күні-ақ ой-ниеті ада болады.

5Жақып сиынған Құдай жар болған Және Құдай Иесіне үміт артқан Қандай бақытты болады әрбір жан!

6Көк пен жерді, теңізді әрі олардағы Бардың бәрін де Иеміз жаратты, Ол мәңгі бақи сөзінде тұрады.

7Қаналғандарды Ол әділдікке жеткізеді, Ашығып жүргендерге тамақ береді. Жаратқан Ие тұтқындарды босатады,

8Иеміз зағиптардың көзін ашады. Жаратқан бүкірлерді түзу етеді, [1] Иеміз әділдерді жақсы көреді.

9Жат жұрттықтың мүддесін Жаратқан қорғайды, Жетім-жесірлерді де қолдап-қоштайды, Ал зұлымдардың ой-ниетін талқандайды.

10Жаратқан Ие мәңгі билік жүргізеді! Уа, Сион, сиынған Құдайың патшалық Құрады ұрпақтан ұрпаққа мәңгілік. Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені!

© Қазақша аудармасы және көркемделуі «Жаңа өмір» баспасы, Стамбул, 1993, 1996, 2000, 2010
iv>