Забур жырлары 15:1-11 KZB2010 - Bible AI

1(Дәуіттің насихат мінажаты.) Уа, Құдайым, сақтай гөр Өзің мені, Баспана етемін жалғыз Сені!

2Жаратқанға былай деймін: «Сен Иемсің, Сенен бөлек жоқ ешбір игілігім!» [1]

3Ұлы жандар — Саған бағышталғандар, Маған өте ұнайды елде олар. [2]

4Ал бөтен тәңірлердің жолын қуғандар: Қасіретке молынан ұшырамақ олар. Тәңірсымақтарға құрбандық шалмаймын, Олардың аттарын аузыма еш алмаймын.

5Уа, Ием, маған жар болып келесің, [3] Жарылқап мені амандық бересің, [4] Тағдырым қауіпсіз қолыңда Сенің.

6Тамаша — маған тиген үлесім, Қатты ұнайды ғажайып мұрам. [5]

7Даңқтаймын ақыл-кеңес берген Иемді, Ұжданым түнде де мені ескертеді.

8Ықылас-ниетім әрдайым Иемде, Оң жағымда Ол маған жар боп келеді: Жағдайым шайқалмайды ешбір кезде.

9Содан жүрегім шаттыққа толады, Мәз-мейрам болып тілімнен бал тамады, Саған сенгенімнен тәнім тыншиды.

10Сен жанымды о дүниеге қимайсың, Қасиетті адамыңның [6] тәнін шірітпейсің.

11Шын өмір жолын маған көрсетесің, Көз алдыңда қуанышқа бөлейсің, Оң жағыңда мәңгі игілік бересің.

© Қазақша аудармасы және көркемделуі «Жаңа өмір» баспасы, Стамбул, 1993, 1996, 2000, 2010
v>