Забур жырлары 20:1-14 KZB2010 - Bible AI

1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)

2Уа, Ием, құдіретіңе патша қуанады, Құтқарғаныңа шексіз шаттанады.

3Оған жүрегінің қалауын сыйладың, Сұраған тілектерінен бас тартпадың.

4Игіліктер сыйлап оны қарсы алдың, Саф алтыннан басына тәж кигіздің.

5Өмірін сақтауды сұрағанда Өзіңнен Тіпті мәңгілік өмір сыйладың Сен.

6Жеңіс беріп [1] оны даңққа бөледің, Абырой мен салтанатқа кенелттің.

7Сен патшаны мәңгілік жарылқадың, Қасыңда болу қуанышын сыйладың.

8Себебі патша Жаратқанға сенім артады, Хақ Тағаланың рақымымен нық тұрады.

9Өзіңді жек көргенді іздеп табасың, Бар жауыңды күшпен [2] ұстап аласың,

10Келгеніңде отты пешке тастайсың, Уа, Ием, қаһарыңмен талқандайсың, Оттың жалынымен түгел жалмайсың.

11Жау ұрпақтарын жер бетінен құртасың, Адамзат арасынан жоқ қыласың.

12Олар саған қарсы қастандық ойлайды, Алайда соны орындай алмайды.

13Жебе тартып беттерін нысана етсең, Оларды кері қайтуға мәжбүрлейсің.

14Уа, Ием, көтеріле гөр құдіретіңмен, Күш-қуатыңды даңқтаймыз ән-күйменен.

© Қазақша аудармасы және көркемделуі «Жаңа өмір» баспасы, Стамбул, 1993, 1996, 2000, 2010
v>