Забур жырлары 26:1-14 KZB2010 - Bible AI

1(Дәуіттің жыры.) Жаратқан — нұрым менің, құтқарушым да, Кімнен мен қорқамын солай болғанда? Жаратқан — өмірімнің берік қорғаны да, Кімнен үрейленемін солай болғанда?

2Мені жалмауға зұлымдар таяп қалса, Қарсылас, жауларым маған бас салса, Өздері-ақ сүрініп, жығылады да.

3Мен қорықпаймын, әскер қоршап алса да, Үмітім үзілмес, ол маған лап қойса да.

4Иемнен бір-ақ нәрсені сұрадым, Тек мынау ғана менің аңсағаным: Өмір бойы Оның үйінде болсам, Жаратқан Иенің көркіне қарасам, Ғибадатханасында ойланып-толғансам. [1]

5Өйткені менің басыма күн туғанда Ол тасалайды мені тұрағында, Жасырады өз құпия орнында, Аман сақтайды биік тау құзында.

6Сонда қоршаған жауымнан биік тұрамын, Иемнің киелі үйінде шаттанамын, Қуана Оған сый-тартулар бағыштаймын, Ән-жырымды Жаратқан Иеге арнаймын.

7Өзіңе сиынған даусыма құлақ түрші, Уа, Ием, рақыммен жауап бере көрші.

8Сен «Алдыма келіп, сиыныңдар» дедің, Саған шын жүректен жауап беремін: «Уа, Ием, сиынып алдыңа келемін». [2]

9Бет-жүзіңді жасыра көрме менен, Ашумен бас тартпа мендей пендеңнен. Қорғап-қолдаушым болып келесің Сен, Жалғыз қалдырып безіп кетпе менен, Уа, Құдайым, Құтқарушымсың Сен.

10Бас тартса менен тіпті әке-шешем, Қабылдайды мені Жаратқан Ием.

11Уа, Ием, жолдарыңды маған нұсқай гөр, Жауларыма бола ақ жолыңмен бастай гөр,

12Жаудың еркіне қалдыра көрме мені, Жалған куәлар өзіме қарсы көтеріледі, Ашумен маған қоқан-лоқы көрсетеді.

13Алайда мен мынаған нық сенемін: Әлі де бұ дүниеде тірі жүремін, Жаратқан Иенің мейірімін көремін.

14Әрдайым Жаратқанға арт сеніміңді, Батыл болып, нығайта түс жүрегіңді! Әрқашан Жаратқанға арт сеніміңді!

© Қазақша аудармасы және көркемделуі «Жаңа өмір» баспасы, Стамбул, 1993, 1996, 2000, 2010
v>