Забур жырлары 74:1-11 KZB2010 - Bible AI

1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Құрта көрме!» әуенімен айтылатын Асафтың әні әрі жыры.)

2Саған мақтау айтамыз, уа, Құдайым! Сені дәріптейміз, бізге жақынсың, [1] Паш етіледі керемет істерің.

3Сен былай дедің: «Кезін Мен белгілеймін, Әділетті сотты Өзім жүргіземін.

4Шайқалады жер күллі тұрғындарымен, Тіреулерін оның берік ұстаймын Мен».

5«Бөсуіңді тоқтат!» — дедім мақтаншаққа, «Жұдырығыңды [2] көтерме! — дедім арамзаға, —

6Көкке қарсы да жұдырығыңды көтерме, Тоңмойын болып паңдана сөйлеме!»

7Шығыс, батыс не айдаладан келген Ешкім басқаны жоғарылатпас шынымен,

8Себебі сотты Құдайдың Өзі жүргізеді, Ол біреуді түсіріп, басқаны көтереді.

9Жаратқанның қолында «қаһарлы тостаған», [3] Іші дәмдеуіштермен араласқан Көпірген «жаңа шарапқа» толған. Оны құйып береді Жаратқан, Бар зұлымдар ішуге тиіс содан, Сарқып ішеді тіпті ашытқысынан.

10Ал мен Иемнің істерін мәңгі паш етемін, Жақыптың сиынған Құдайын әндетемін,

11Өйткені Құдай Иеміз былай деген: «Мен зұлымдарды күшінен айырамын, Ал әділдің күш-қуатын молайтамын!» [4]

© Қазақша аудармасы және көркемделуі «Жаңа өмір» баспасы, Стамбул, 1993, 1996, 2000, 2010
v>