20Уа, Жаратқан, бірде Сен аян берген едің, Адал кісіңе мынадай сөз айтқан едің: [10]«Мен жауынгер адамға күш-қуат дарыттым, Халықтан оны таңдап ап, жоғарылаттым:
21Осы қызметшім Дәуітті тауып алдым, Арнайы майымды оған жақтырттым, [11]Патша болуға оны тағайындаттым.
22Ұдайы оны қорғап-қолдайтын боламын, Әрдайым күш-қуат сыйлайтын боламын.
23Жау одан амалын асыра алмайды, Зұлымдар тықсырып, жеңе алмайды,
24Оның алдынан жауларын құртамын, Өзін жек көргендерді қиратамын.
25Берік рақымыма [12] Дәуіт ие болады, Өз атыма бола оның күші артады,
26Дәуіттің билігін Жерорта теңізіне Создырам, әрі шығыстың өзендеріне. [13]
27Ол былай деп атамақ атымды Менің: «Сен Әкемсің, Құдайымсың өзімнің, [14]Жартастай паналайтын Құтқарушымсың».
28Мен оны «Тұңғышым» [15] деп белгілеймін, Жер патшаларынан үстем етемін.
29Мейірімімді оған мәңгі сақтаймын, Келісімімнен [16] ешқашан бас тартпаймын.
30Дәйім оның ұрпағын нығайтамын, Тағын да көк іспетті шексіз орнатамын.
31Ал ұлдары тастаса Таурат заңымды, Әрі орындамаса бұйрықтарымды,
32Егер бұзып жатса ережелерімді, Сақтаудан бас тартса өсиеттерімді,
33Онда күнәлары үшін таяқпен ұрамын, Зұлым істері үшін қамшымен соғамын.
34Ал Дәуіттен мейірімімді қайтып алмаймын, Өз адалдығымнан ешқашан таймаймын,
35Мен Келісімімді еш уақытта бұзбаймын, Аузымнан шыққан сөзді өзгертпеймін.