Забур жырлары 94:1-11 KZB2010 - Bible AI

1Келіңдер, Жаратқан Иеге арнап Әндетейік қуана-қуана жырлап, Жартастай мықты Құтқарушымызға Сиына берейік қатты дауыстап!

2Бәріміз Иеміздің алдына барып, Ризашылығымызды білдірейік, Ән-күймен де Оған мақтау айтып, Даңқын Оның асыра берейік!

3Себебі Жаратқан Ие — ұлы Құдай дағы Һәм ұлы Патша — бар «тәңір, пірден» [1] тым жоғары!

4Бәрі Оның қолында: жердің тұңғиықтары, Әрі меншігі Оның — зәулім тау шыңдары,

5Теңіз де Иеміздікі — Өзі соны жаратқан, Құрлықтың барлығы да Оның қолынан шыққан!

6Келіңдер, тағзым етейік Иемізге иіліп, Жаратушымыздың алдында тіземізді бүгіп!

7Себебі Өзі — біздің бірден-бір Құдайымыз, Ал біз Оның бағып жүрген меншікті халқымыз Әрі қамқорындағы отары сияқтымыз. [2]

7 Бүгін сендер Оның даусын естігенде,

8Мерібада істегендерің секілді Қасарыстырмаңдар жүректеріңді: Ежелде айдалада жүрген кезде Масадағы [3] бас көтергендерің іспетті Қайтадан солай істемеңдер енді!

9Сендердің ата-бабаларың сол жерде Көріп жүрсе де керемет істерімді, Еркінсіп сынай берді төзімімді.

10Бұл ұрпаққа қырық жыл ашуландым, Сонымен былай деп қорыттым: Жүрек қалаулары теріс бағыттағы Осы халық тағылымымды [4] қабылдамады!

11Қаһарланып ант еттім Мен сондықтан: «Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған Елге кірмейді олар енді ешқашан!»

© Қазақша аудармасы және көркемделуі «Жаңа өмір» баспасы, Стамбул, 1993, 1996, 2000, 2010
v>