1Иса осы айтқандарын тамамдаған соң, Ғалилеядан шығып, Яһудея аймағына әрі Иордан өзенінің шығыс бетіне барды. [1]
2Оның соңынан халық көптеп еріп, Иса оларды сол жерде ауруларынан сауықтырды.
3Бірнеше парызшылдар қасына келіп, Исаны сынақтан өткізбек болып: — Күйеуінің кез келген себептен әйелімен ажырасуына [2] бола ма? — деген сұрақ қойды.
4Исаның жауабы мынау болды:
4— Сендер Жаратқан Иенің әуел бастан-ақ «адамды бірін еркек, бірін әйел қылып» жаратқанын (Тауратта) оқымап па едіңдер?! [3]
5Сол кезде Ол былай деген: «Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады». [4]
6Осылайша олар енді екеу емес, біртұтас. Сонымен Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын! —
7Парызшылдар қарсылық білдіріп:
7— Олай болса, күйеуі арнайы куәлік қағазын жазып берсе, әйелімен ажырасуына болады деген ережені Мұса пайғамбар неге жазып қалдырған? [5] — деді.
8Иса оларға былай деп жауап қатты:
8— Мұса жүректеріңнің (Құдайдың еркіне мойынсұнбай) қасарысқандығына бола әйелдеріңмен ажырасуға жол берген. Алайда әуел баста бұл олай болмаған еді.
9Сендерге айтамын: кім жеңіл жүріске түспеген әйелімен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады. [6] (Күйеуімен ажырасқан әйелге үйленген де неке адалдығын бұзады.)
10Сонда шәкірттері: — Егер еркектің әйелінің алдындағы міндеті осындай болса, онда үйленбеген артық, — деді. Иса:
11— Бұл айтқандарымды жұрттың бәрі емес, Құдай бұйырғандар ғана ұға алады.
12Себебі үйлене алмайтын түрлі адамдар бар: кейбіреулері некеге жарамайтын болып туған, басқаларын кісілер сондай еткен, ал тағы біреулері — Құдай Патшалығына көбірек қызмет ету үшін некеден бас тартқандар. Мұны ұғына алатындар ұғынсын! — деп сөзін қорытты.
13Жұрт Исаға балаларын алып келіп, Одан қолын балалардың үстіне қойып мінажат етіп бата берсін деп өтінді. Бірақ шәкірттері оларға тыйым салды.
14Ал Иса былай деді: «Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдайдың Патшалығы сондайлар үшін».[7]
15Содан Иса бұл жас балалардың үстіне қолын қойып бата берді; мұнан кейін сол жерден кетіп қалды.
16Сол кезде біреу Исаға келіп: — Ізгі Ұстаз! Мәңгілік өмірге ие болу үшін қандай игі істер істеуім керек? — деген сұрақ қойды. Иса оған:
17— Менен неге игілік туралы сұрайсың? Нағыз игілікті — Біреу-ақ. Мәңгілік өмірге ие болу үшін Оның өсиеттерін орындайтын бол! — деп жауап берді. Әлгі кісі:
18— Қайсыларын? — деп сұрады. — «Кісі өлтірме; неке адалдығын бұзба; ұрлық жасама; жалған куәлік берме;
19ата-анаңды сыйла!» және «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды [8] да солай сүй!» — деді Иса.
20Жігіт:
20— Бұлардың бәрін де (жастайымнан) орындап келемін. Маған тағы не нәрсе жетіспейді? — дегенде,
21Иса оған былай жауап берді:
21— Егер мүлтіксіз болғың келсе, барып, мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер. Сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер![9]
22Бұл сөзді естігенде жігіт еңсесі түсіп, қапаланып, сол жерден кетіп қалды. Себебі ол аса дәулетті болатын.
23Содан Иса шәкірттеріне қарап былай деді: — Сендерге шындығын айтамын: байлардың Құдай Патшалығына кіруі тым қиын!
24Тағы да айтамын: байдың Құдай Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай. —
25Мұны естіген шәкірттері қатты таңғалып:
25— Ендеше кім (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады?! — деген сауал қойды.
26Иса оларға қарап:
26— Бұл, адамның қолынан келмейді, бірақ Құдайдың қолынан бәрі де келеді, — деп жауап берді.
27Петір:
27— Міне, біз барлығын қалдырып, Сіздің соңыңыздан еріп жүрміз. Сол үшін бізді не күтіп тұр? — деп сұрады.
28Сонда Иса былай деп жауап қатты:
28— Сендерге шындығын айтамын: әлем жаңарған кезде, Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келіп, салтанатты тағымда отырғанда, сендер де он екі тақта отырып, Исраилдің он екі руына билік жүргізетін боласыңдар.
29Үй-жайын, бауырларын, [10] әке-шешесін, бала-шағасын не жер-суын Маған бола қалдырған әркімге қарымтасы жүз есе артығымен қайтарылады, әрі ол мәңгілік өмірге ие болады. [11]
30Сол заманда көптеген алдыңғы қатарлылар соңғылар болады, ал соңғылар алдыңғы қатарға шығады. [12]