15Баланың жүрегінде надандық бар, Тиянақты тәрбие [4] оны содан арылтар.
16Баюы үшін кедейге жәбір көрсететін Әрі байға сыйлықтар бере беретін Адам болады кедейленетін.
17Даналардың айтқандарын құлақ түріп тыңда, Бермек тәліміме зейініңді бағышта!
18Игі болар оларды есіңде сақтасаң, Әрі аузыңнан да ешбір тастамасаң.
19Сенімің болсын деп Жаратқан Иемізде, Осыны бүгін үйретемін дәл өзіңе.
20Саған ақыл-кеңес пен білім беру үшін Мына отыз нақылды [5] жазған едім,
21Ақиқат, адал сөздер үйренуің үшін, Өзіңді жібергенге дәл жауап беруің үшін:
22Жарлыны жарлы деп тонама, Бейшараны дау сотында қыстама!
23Солардың мүдделерін Жаратқан Ие қорғайды, Оларды тонағандардың өздерін тонайды. [6]
24Ызақормен дос болма, Ашушаңмен байланыспа.
25Әйтпесе өзің соған еліктейсің, Тұзаққа түсіп, күйреп кетесің.
26Қол алысып, бөтеннің қарызына Кепіл болатындай ақылсыз болма! [7]
27Болмағанда төлейтін ақшаң Төсегіңді тартып алар астыңнан.
28Ата-бабаң салып кеткен межеңді Жасырын жылжытып, ұлғайтпа жеріңді.
29Кездестірсең біреуді ісіне аса шебер, Жай адамдарға емес, патшаларға қызмет етер.