4Білгірлікпен үйдің іші Әр түрлі әсем дүниеге толар.
5Дананың қуаты басым болар, Білгірдің күші нығайып толар.
6Соғысты ақыл-кеңеспен басқар, Кеңесшісі көп жеңіп шығар. [1]
7Даналық тым жоғары ақымаққа, Аузын ашпас ол даналар бас қосқанда. [2]
8Сұмдық жасауды жоспарлаған жан Арам ниетті деп аталған.
9Ақылсыздың арам ойы күнәкар, Мысқылшыл жан жұртқа жексұрын болар.
10Тап болған қиындыққа мойығаның — Тым аздығы бойыңдағы қуатыңның!
11Ажалға айдалып бара жатқандарды құтқар, Қырғынға теңселіп бара жатқандарды қайтар! [3]
12«Біздер білген жоқпыз» дейсің бе? Жүрек түкпірін сынайтын Жаратқан шындықты білмей ме? Ұдайы жаныңды бақылайтын Тәңір Ие білмей қалар дейсің бе? Ісіне қарап әрбір жанның Қарымтасын Ол береді де.
13Балам менің, бал же, бойыңа ол нәрлі, Балауыз ұясынан тамғанын же, таңдайыңа ол тәтті,
14Дәл солай даналық та жаныңа игілікті: Оны тапсаң жарқын болар келешегің, Әрі еш үзілмес үмітің сенің.
15Әй, сұрқия, тосқауылдан көз салма Әділетті жанның тұрағына, Оның жайлы мекенін ойрандама!
16Жеті рет жығылса да әділ жан, Қайта тұрып кетер орнынан, Ал зұлым құрып кетер апаттан.
17Жығылса жауың соған қуанба, Сүрінсе мәз болып табалама!
18Әйтпесе Жаратқан саған наразы болар, Жауыңа деген қаһарынан қайтар.
19Зұлымдарға ызаланба, Арамзаларды қызғанба,
20Болашағы жоқ зұлым жанның, Шырағы ерте өшер зымиянның. [4]
21Балам, Жаратқанды терең қастерле, Мойынсұнып патшаңды да құрметте, Ал бүлікшімен ешқашан бірлеспе!
22Қосылсаң оған, кенет пәлеге ұшырарсың, Кім білер Жаратқан мен патшаның үкімдерінің Сондай бүлікшіні неге бұйыратындарын?
23Даналар мына нақылдарды да қалдырған. Адамды алалау сот ісінде, Бұл — нағыз әділетсіз нәрсе.
24Айыптыны «әділ» деп ақтаған төрені Халықтар қарғап, ұлттар жек көреді.
25Ал айыптыны әшкерелегендер Мол игілік пен жарылқауға кенелер.
26Әрқашан адал жауап қайтарушы Бетіңнен сүйген досыңа ұқсайды.
27Алдымен сыртқы шаруаңды бітір, Егіндігіңді дайындап, жөнге келтір, Содан соң барып, шаңырақ көтер.
28Жақыныңа жала жаппа, Аузыңнан өтірік шығарма!
29Мынаны да айтушы болма: «Ол не нәрсе істесе маған, Мен де соны істеймін оған, Ісіне қарап мен оның қарымтасын Қалай да қайтаратын боламын!»
30Бірде мен өттім жалқаудың жерінен, Ақылы аздың жүзімдігінен,
31Қарасам, бәрін тікен басыпты, Ішіне қалақай [5] қаптап кетіпті, Қоршаған тас дуалы қирап қалыпты.
32Бұған қарап, ойға шомып қалдым, Өзім үшін мынадай сабақ алдым:
33Біраз ұйықтап, аздап мызғып отырсаң, Аз-аздан қол қусырып жата берсең,
34Сонда қарақшыдай боп жоқшылық, Қарулы тонаушыдай боп тапшылық Жетіп келер саған бас салып.