Уағыздаушы 3:1-22 KZB2010 - Bible AI

1Өз уақыты бар әр нәрсенің, Осы дүниеде [1] істелінетін Әр істің мезгілі бар өзінің.

2Өз уақыттары бар туудың әрі қайтыс болудың, Тұқым себудің әрі тамырымен жұлудың. [2]

3Өз мезгілдері бар өлтірудің әрі сауықтырудың, Бұзудың әрі қайта тұрғызудың.

4Өз кезеңдері бар қайғырып жылаудың әрі күлудің, Жоқтау айтудың әрі би билеудің.

5Өз мезгілдері бар тас лақтырудың әрі оларды жинаудың, [3] Құшақтасудың әрі содан жалтарудың.

6Өз кездері бар іздеп жүрудің әрі жоғалтудың, Сақтаудың әрі лақтырып тастаудың.

7Өз уақыттары бар жыртудың әрі тігіп жөндеудің, Үндемеудің әрі сөйлеудің.

8Өз кездері бар сүюдің әрі жек көрудің, Соғысудың әрі татуласудың.

9Еңбек еткеннің өз бейнетінен көретін не пайдасы бар?

10Құдайдың адам баласына жүктеген міндеттеріне [4] де назар аудардым.

11Құдай әр нәрсені [5] өз уақытына сай көрікті етіп жаратты. Ол адамның жан дүниесіне мәңгілікті сезетін түйсікті дарытты. Әйтсе де адамдар Құдайдың әуел бастан аяғына дейін не істегендерін түсіне алмайды. [6]

12Адам үшін шаттану мен жақсылық жасаудан артық ештеңенің жоқ екенін ұқтым.

13Осылай әрбір адам ішіп-жеп, еткен еңбегінен қанағат тапсын. Бұл да Құдайдың берген сыйы. [7]

14Құдай не істесе, соның мәңгі болатынын, одан ештеңе алынып, оған ештеңе қосылмайтынын да ұқтым. Құдай бұны Өзін адамдар терең қастерлеу үшін солай етті.

15Болып жатқан және болашақта болатын жайттар бұрын да болып кеткен. Ал Құдай өтіп кеткен солардың қайталануын қадағалайды. [8]

16Мен, сондай-ақ, осы өткінші дүниеде тағы мынаны да байқадым: Әділдік іске асуға тиіс орында — зұлымдық, әрі әділет орындалуға тиіс жерде сұмдық жүреді екен!

17Сонда мен іштей: «Құдай әділді де, зұлымды да сотында тексеретін болады. Өйткені сол жайттардағы әрбір ой-ниеттің және әрбір істің сыналып тексерілетін уақыты бар», — дедім.

18Мен тағы адам баласы туралы былай деп те ойладым: «Құдай оның тәндік жағынан хайуан секілді екенін көрсету үшін оны сынақтан өткізеді.

19Өйткені адам баласының да, хайуанның да ұшырайтын тағдыры бірдей: адамның өлетініндей, хайуан да өледі. Екеуінің де кеудесінде тіршілік лебі бар, осы жағынан адамның хайуаннан артықшылығы жоқ. Себебі олардың бәрі де өткінші.

20Барлығының да барар жері біреу: бәрі де топырақтан жаратылған және қайтадан топыраққа айналады. [9]

21Адам баласының жанының көкке көтерілетінін, ал хайуанның жанының төменге, жер қойнына кететінін кім біледі?» [10]

22Сонымен еткен еңбегінен [11] қанағат табу адам үшін ең жақсы нәрсе екеніне көзім жетті. Бұл оның үлесіне тиген. Өйткені кейінірек болатын жайттарды оған кім көрсете алады?

© Қазақша аудармасы және көркемделуі «Жаңа өмір» баспасы, Стамбул, 1993, 1996, 2000, 2010
div>