1Құдаймен бірге еңбектенуші біз сендерден мынаны өтініп, ескертеміз: өздерің қабылдаған Құдайдың рақымы өмірлеріңде өнімсіз болмасын.
2Себебі Ол мынадай сөздерді айтқан: Мен мейірім көрсететін кезімде саған құлақ салдым, халқымды құтқаратын күнім келгенде сені қамқорладым.
3Қызметіміз ұятқа қалмасын деп, жұрттың Ізгі хабарды қабылдауларында іс-әрекетімізбен ешкімге ешқандай кедергі жасамаймыз.
4Қайта, барлық істе де Құдайдың қызметшілеріне лайық болуға ұмтылып, зор шыдамдылықпен азаптар, ауыртпалықтар және қиын-қыстау жағдайларды басымыздан өткіземіз.
5Біз ұрып-соғылып, түрмеге қамалып, қуғындалғанда, сондай-ақ, ауыр еңбек етіп, ұйқысыз түндер мен аш күндерді бастан кешкенде
6таза жүреміз. Түсінігіміз, төзімділігіміз және ақпейілділігімізбен бойымыздағы Киелі Рух арқылы адал сүйіспеншілік танытамыз;
7шындықтың хабарын уағыздап, Құдайдың құдіретін көрсетеміз. Осылай Оның қызметшілері екенімізді паш етеміз. Екі қолымызда ұстанған «қаруымыз» — әділдік.
8Бізді не құрметтеп, не қараласа да, не сөгіп, не мадақтаса да, не өтірікшілер десе де, бәрібір адалмыз.
9Танымал болмасақ та, бізді таниды. Өлгендер деп санаса да, міне, тіріміз. Бізді жазаласа да, өлген жоқпыз.
10Бізді ренжітеді, бірақ әрдайым қуаныштымыз. Кедей болсақ та, көптеген адамдарды байытамыз. Ештеңеміз жоқ болғанмен, бәріне де иеміз.
11Қымбатты қорынттықтар, сендермен ашық сөйлестік, жүректеріміз де айқара ашық.
12Өздеріңе деген пейіліміз кең болғанмен, сендер бізге жүректеріңнен аз-ақ орын бердіңдер.
13Мен сендермен балаларымен сөйлескен әкедей сөйлесемін:
14Сенбейтіндермен қоян-қолтық бірге жүріп, жаман ниеттеріне ортақтаспаңдар!
15Мәсіх пен белияр
16Құдайдың киелі үйі мен жалған тәңірлер арасында қандай келісімнің болуы мүмкін? Себебі біздер мәңгі тірі Құдайдың «киелі үйіміз».
17Жаратқан Ие мынаны айтады: Сондықтан олардың арасынан шығыңдар! Олардан бөлек тұрыңдар, арам нәрселеріне мүлдем жоламаңдар! Сонда Мен сендерді қабылдаймын.
18Мен сендерге Әке боламын, ал сендер рухани ұл-қыздарым боласыңдар дейді Әлемнің Билеушісі — Жаратқан Ие.